АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқанының негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің өз ұйымдарына деген сенімін нығайту, кәсіподақтық ынтымақтастықты арттыру, ортақ іске белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыру және кәсіподақтың еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын институт ретіндегі рөлін күшейту.
Осы ретте, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Төле би атындағы орта мектепте кәсіподақ мүшелеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараға мектеп директоры Ж.Досқожа мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Хыдырбаев қатысты.
Ашық есік күні барысында ұстаздардың еңбек қызметіне қатысты бірқатар өзекті құқықтық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, педагогтардың еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысына қатысты мәселелер, жұмыс уақыты мен педагогикалық жүктемені белгілеу тәртібі, қосымша атқарылатын жұмыстарға ақы төлеу, еңбек шарттарын рәсімдеу, сондай-ақ еңбек құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар педагогтардың әлеуметтік кепілдіктері, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, еңбек қауіпсіздігі мен қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Ұстаздардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастары барысында туындайтын даулы жағдайлардың алдын алу және оларды заң аясында шешу жолдары жөнінде пікір алмасты.
Мекеме басшысы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының қатысуымен өткен ашық есік күні әлеуметтік әріптестіктің маңызын айқындай түсіп, педагогтердің өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуіне, өзекті мәселелерді ашық талқылауына және оларды бірлесе шешуіне мүмкіндік берді.
Жамбыл облысы Жамбыл аудандық ұйымы