ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ҰСТАЗ
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Донда Сенбин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, математика пәнінің мұғалімі Маханбетова Ақбөкен Сағындыққызы 38 жылдық еңбек жолын білім беру саласына арнаған тәжірибелі ұстаз. Ол саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, оқушылардың білімін жетілдіруге, қабілетін дамытуға және өмірден өз орнын табуына үлес қосып келеді.
Ұстаз үшін әр шәкірттің жетістігі өз еңбегінің жемісі іспетті. Ақбөкен Сағындыққызы оқушыларын түрлі білім сайыстары мен байқауларға дайындап, олардың талай жетістікке жетуіне ықпал етіп жүр. Сонымен қатар тәрбие жұмысына жауапты маман ретінде жас ұрпақтың бойына адамгершілік, жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруге ерекше мән береді.
Ақбөкен Сағындыққызының өмір жолындағы үлкен мақтаныштарының бірі - ұстаздық дәстүрдің өз отбасында жалғасуы. Өмірлік серігімен бірге ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен отбасының ұлдары да ата-ана жолын таңдаған. Ұлдарының бірі өзі еңбек ететін мектепте математика пәнінің жас маманы болып, ұстаздық жолды жалғастырып келеді.
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» идеясының мәні осындай азаматтардың күнделікті еңбегінен көрінеді. Ақбөкен Маханбетованың көп жылғы ұстаздық қызметі кәсіби адалдықтың, табандылықтың және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің үлгісі.
Жамбыл облысы Сарысу аудандық комитеті