ІЗДЕНІМПАЗ ҰСТАЗДЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІГІ
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназияның мектепалды сынып педагогы Төлекова Ләйлә Мұқатайқызы – әр баланың қабілетін танып, оның қызығушылығын білімге деген құлшынысқа ұластыра білетін ұстаз.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жетістігінен айқын көрінеді. Педагогтың жетекшілігімен тәрбиеленушілері «Үркер» және «ПОНИ» халықаралық байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл жетістіктер балалардың танымдық белсенділігін арттыруға, логикалық ойлауын дамытуға және өз мүмкіндіктеріне сенімін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Ләйлә Төлекованың кәсіби қызметі сынып жұмысымен ғана шектелмейді. Ол аудандық деңгейдегі семинарларды ұйымдастырып, өз тәжірибесін әріптестерімен бөліседі. Әдістемелік жұмыстар мен шығармашылық жобаларға белсенді араласып, педагогикалық ізденісін үнемі толықтырып отырады. Жаңа тәсілдерді меңгеруге деген ұмтылысы оның күнделікті тәжірибесінен де, кәсіби іс-шараларға қатысуынан да байқалады.
Педагогтың еңбегі мен білім беру саласындағы белсенділігі еленіп, Ақтөбе облысының білім басқармасы Мұғалжар ауданының білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл марапат – атқарылған істің бағасы ғана емес, ұстаздың кәсіби жауапкершілігі мен білім беру ісіне қосқан үлесіне берілген құрмет.
Төлекова Ләйлә Мұқатайқызы үшін әр баланың кішкентай жетістігі – үлкен дамудың бастауы. Ал, шәкіртінің өзіне сеніп, жаңа белестерге қадам басуы – ұстаз еңбегінің ең мәнді нәтижесі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-