АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БИІГІ
Әрбір шаңырақтың, әрбір ұжымның өз тірегі, мақтанышы болады. Туған жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, 39 жылдық еңбек жолын адалдыққа арнаған жандардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы Қарой ауылының тумасы, еңбек ардагері Сәдібеков Бауыржан Ерғалиұлы.
Сәдібеков Бауыржан Ерғалиұлы 1964 жылы 26 тамызда дүниеге келген. 1971 жылы «Қарой негізгі орта мектебінің» босағасын аттап, білім алған. 1979 жылы сегізінші сыныпты аяқтаған соң, әкесіне мал шаруашылығында көмектесіп, еңбек майданына ерте араласты. Отан алдындағы әскери борышын 1985–1987 жылдар аралығында абыроймен өтеп қайтты.
Әскер қатарынан келген соң, 1987 жылдан 1996 жылға дейін ауыл дүкенінде әртүрлі еңбек құралдарын соғып, ұсталық өнермен айналысты. Өз ісіне тиянақтылығы мен жауапкершілігі арқасында ауыл тұрғындарының құрметіне бөленді.
2004 жылдан бастап Қарой негізгі орта мектебінде күзетші болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде білім ордасының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары тәртібі мен адамгершілік қасиеттері арқасында ұжым арасында үлкен беделге ие болды.
Бауыржан Ерғалиұлы тек өз ісінің білгірі ғана емес, отбасының ұйтқысы, аяулы жар, өнегелі әке. Балаларына әрдайым адал еңбек етуді, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды үйретіп, өнегелі тәрбие берді. Ағайын-туыс пен көрші-қолаң арасында да сыйлы, сыпайы мінезімен ерекшеленеді.
Өмір бойы жинаған бай тәжірибесі, қарапайымдылығы мен адамгершілігі – бүгінгі жастар үшін үлкен мектеп. 39 жылдық еңбек жолы бар Бауыржан Ерғалиұлының өмір жолы – елге адал қызмет етудің, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Шығыс Қазақстан облысы
Марқакөл аудандық кәсіподақ ұйымы