ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАҒАН ҰСТАЗ
Ұлттық өнерді ұрпақ санасына сіңіру – домбыра үйретумен ғана шектелмейтін, үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Күйдің тарихын танытып, оның мазмұны мен рухын жас буынға жеткізіп жүрген сондай ұстаздың бірі – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Әлімбет орта мектеп-балабақшасының музыка пәні мұғалімі Ерболат Кенжехан.
Ерболат Кенжехан 1966 жылғы 28 желтоқсанда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Сагсай ауылында дүниеге келген. Музыка мен мәдениет саласындағы кәсіби білімін бірнеше оқу орнында жетілдірген. 1985 жылы Ұлан-Батыр қаласындағы МХР Мәдениет және өнер техникумын, 1987 жылы Д.Сүхбаатар атындағы Партия жоғары мектебінің мәдениеттану бөлімін бітірген. Кейін, 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының музыка бөлімін аяқтап, музыка пәні мұғалімі мамандығын алған.
Еңбек жолын 1993 жылы Әлімбет №12 КТУ-інде оқытушы болып бастаған. 1998 жылдан бері Әлімбет орта мектеп-балабақшасында қызмет етіп келеді. Осы жылдары музыка пәнінен сабақ беріп қана қоймай, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарған. Сонымен қатар аудандық балалар өнер мектебінде домбырадан дәріс беріп, жас домбырашылардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлес қосқан.
Ұстаздың көп жылғы еңбегінің маңызды нәтижелерінің бірі – 1999 жылы Әлімбет ауылының жасөспірімдерінен құрылған «Сарыарқа» домбырашылар ансамблі. Ерболат Кенжеханның көркемдік жетекшілігімен қалыптасқан ұжым ауыл балаларының музыкалық қабілетін дамытып, қазақтың күйшілік дәстүрін насихаттауға бағытталған тұрақты шығармашылық ортаға айналды. Ансамбльдің жұмысы жоғары бағаланып, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің шешімімен «Халықтық Сарыарқа домбырашылар ансамблі» атағына ие болды. 2021 жылы ұжым осы атағын қайта қорғап, өзінің шығармашылық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ерболат Кенжеханның жетекшілігімен дайындалған жас орындаушылар халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – балалардың домбыра тарту шеберлігін шыңдауға, орындаушылық мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Кәсіби біліктілігі мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, Ақтөбе облысының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін берілген Алғыс хат (2021 жыл), Қарғалы ауданы әкімінің Алғыс хаты (2024 жыл), Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің марапаттары (2024 жыл), сондай-ақ «Мәңгілік ел алыптары» II республикалық-патриоттық байқауының Алғыс хаты (2021 жыл) бар.
Ерболат Кенжеханның еңбек жолындағы басты ерекшелік – ұстаздық қызмет пен ұлттық өнерді насихаттауды қатар алып жүруі. Ол мектеп қабырғасында балаларға музыкалық білім беріп, ансамбль арқылы олардың сахналық тәжірибесін қалыптастырып келеді. Осылайша, Әлімбет ауылының мәдени өміріне де, жас ұрпақтың өнерге бейімделуіне де нақты үлес қосуда.
Кенжехан Ерболаттың еңбегі – ұлттық музыканы үйретумен қатар, оны жалғастыратын жас орындаушыларды тәрбиелеуінде. Шәкірттерінің жетістігі, «Сарыарқа» ансамблінің халықтық атағын сақтап қалуы және ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қызмет етуі – ұстаздың кәсіби жолын сипаттайтын нақты нәтижелер.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-