ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САПАР
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен бір топ жас ұстаз Ташкент пен Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық сапарға барды.
Сапарға берілген жолдамалар жуырда өткен «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі салтанатты шарада табысталған болатын. Жолдамалар білім беру саласында белсенділігімен көзге түскен, кәсіби жетістіктерімен танылған үздік ұстаздарға берілді. Күзгі каникул кезінде ұйымдастырылған бұл сапар мұғалімдерге күнделікті жұмыстан тынығып, өзге елдің тарихы мен мәдениетін жақыннан тануға мүмкіндік берді.
Сапар Ташкент қаласынан басталды. Алдымен ұстаздар Төле би кесенесіне барып, баба рухына тағзым етті. Сонымен қатар ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысып, Сеуіл саябағы, Tashkent City және Magic City кешендерін аралады. Қаладағы тарихи орындар мен заманауи сәулет нысандары қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Келесі күні топ Самарқанд қаласына жол тартты. Мұнда ұстаздар Ислам Кәрімов кесенесін, Бибі-Ханым мешітін, Әмір Темір кесенесі мен мұражайын, Регистан алаңы мен Шахи-Зинда кешенін тамашалады. Көне қаланың қайталанбас сәулеті мен тарихи ескерткіштері арқылы қатысушылар өңірдің бай мәдени мұрасымен танысты.
Сапар барысында ұйымдастырушылар тарихи нысандардың қалыптасу тарихы мен мәдени маңызы туралы мәліметтер беріп отырды. Бұл ұстаздардың таным көкжиегін кеңейтіп, көрші елдің тарихы мен дәстүрі туралы білімін толықтыруға жол ашты.
Білім қызметкерлеріне арналған бұл сапарлар кәсіподақ ұйымының ұстаздар еңбегін бағалауға бағытталған қолдауының бір көрінісі. Сонымен қатар тарихи орындармен танысу олардың кәсіби өмірінен тыс жаңа әсер жинап, мәдени танымын байытуына мүмкіндік береді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-