ШЕБЕР ҰСТАЗ
Ұстаз – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, өмір жолына бағыт-бағдар көрсететін ұлағатты жан. Осындай өз ісіне адал, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оңғарбаев Бауыржан Абдоллаұлы.
Бауыржан Оңғарбаев 1978 жылы 15 қарашада Бегалы ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілі – 25 жыл. Еңбек жолын Қосөткел негізгі мектебінде бастап, 2005 жылдан бастап спорт мектебінде қызмет атқарған, ал 2011 жылдан бері Бегалы негізгі мектебінде абыройлы еңбек етіп келеді.
Өз ісінің шебері атанған ұстаз сабақ барысында оқушыларды салауатты өмір салтына, тәртіпке, төзімділік пен табандылыққа баулиды. Ол шәкірттерінің қабілетін шыңдап, спортқа деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Бауыржан Оңғарбаевтың жетекшілігімен Наргиза Абдулла, Мирасаян Асқаров, Дидар Сүйіндікұлы, Батырбек Құсайын, Дарын Алтыбаев сынды шәкірттері спорттық жарыстар мен зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, «Жас дарын» төсбелгісіне ие болып, аудандық және облыстық деңгейдегі спартакиадаларда, тоғызқұмалақ пен үстел теннисі жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Бауыржан Оңғарбаевтың еңбегі де лайықты бағаланып, 2023 жылы Ақтөбе облысының тоғызқұмалақ қауымдастығының Құрмет грамотасымен, 2025 жылы «Ақтөбе-Дарын» орталығы ұйымдастырған мұғалімдер спартакиадасының І орын жүлдесімен және Қобда аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, 2025–2026 оқу жылында тоғызқұмалақтан І орын мадақтамасымен марапатталып, сондай-ақ облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болған.
Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жаны» деген сөзі осындай ұлағатты ұстаздарға арналғандай. Оңғарбаев Бауыржан Абдоллаұлы – еңбексүйгіштігімен, жауапкершілігімен және шәкірт тәрбиелеудегі табандылығымен ерекшеленетін білікті маман.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-