БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАР АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі бекіткен «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауының Ережесіне сәйкес 2026 жылдың қазан - қараша айында барлық филиалдарда байқау өтеді.
Аталған шараны алғаш болып Талдықорған қалалық филиалы ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында облыстық ұйым төрағасы М.Төлепбергенов сөз сөйлеп, шараның мәні мен мағынасын түсіндіріп, төрағалардың жұмысын жоғары бағалап, өзара тәжірбие алмасуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, кәсіподақ жұмысын жандандырып, әлеуметтік әріптестікті дамытуға, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге ықпал ететініне сендірді.
Шара үш кезеңді қамтыды. Қатысушылар өздерін таныстырып, кәсіподақ төрағасы ретінде атқарған жұмысын көрсетіп, ұйымның жетіктіктерін таныстырып, алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктің жұмысын жандандыруға өзімдік ұсыныстарын білдірді.
Байқау Ережесіне сәйкес алдын-ала тағайындалған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
І орынды №6 балабақшасы, ІІ орынды Д.Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп-интернаты мен Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектебі, ІІІ орынды Еркін ауылдық округіндегі №26 орта мектебі, №8 «Күншуақ» бөбекжай-бақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары иеленді.
Талдықорған қалалық филиалының төрайымы А.Ерікқызы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Аталған шара арқылы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен тиімді жұмыс тәсілдерін насихаттауға мүмкіндік берілді. Үздік деп танылған бастауыш кәсіподақ ұйымы облыстық байқауға жолдама алды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі