ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері А.Алимпиев, А. Серімбетов және Н. Жетпісбай Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды.
Қ.Медетов атындағы өнер мектебінде өткен кездесуге ауданның 50-ге жуық білім беру ұйымының кәсіподақ төрағалары мен келісу комиссияларының мүшелері қатысты.
Басты мақсат – кәсіподақ мүшелерінің еңбек заңнамасы мен өз құқықтары жөніндегі сауаттылығын арттыру, келісу комиссияларының жұмыс тиімділігін күшейту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру және білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру, ұйымдастырушылық бағыттағы міндеттер, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу одан әрі келісу комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы семинармен жалғасты. Семинар барысында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі» тақырыбы жан-жақты талқыланды.
Оқыту барысында еңбек дауларының туындауына себеп болатын жағдайлар, оларды заң аясында реттеу жолдары, келісу комиссиясының құзыреті мен жұмыс тәртібі, өтініштерді қарау мерзімдері және тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы маңызды ақпараттар берілді. Сондай-ақ қатысушыларға еңбек дауы туындаған жағдайда мәселені келіссөздер арқылы шешу, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру және дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу бойынша практикалық кеңестер ұсынылды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-