ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ШӘКІРТ ЖЕҢІСІ
Ұстаздық жолда кәсіби білім мен табандылықты қатар ұстанып, шәкірттерінің жетістігіне жол ашып жүрген педагогтардың бірі – Бекеева Гүлбахыт Нұрымқызы. Ол – құқық негіздері пәнінің мұғалімі, сарапшы-педагог. 1986 жылы 23 ақпанда Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Бүгінде Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында еңбек етіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді.
Құқық пәнін оқытуда Гүлбахыт Бекеева оқушылардың заңға құрметпен қарауына, өз ойын еркін жеткізіп, қоғамдық мәселелерге саналы көзқараспен қарауына басымдық береді. Сынып жетекшісі ретінде де балалардың қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстаным қалыптастыруға көңіл бөледі.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің білім додаларындағы жетістіктерінен көрінеді. Шәкірті Алихан Балтабай «Дарынды жас ғалым» облыстық ғылыми жобалар конкурсында І орын иеленіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде ІІІ орын алды. Ал, Ерасыл Шыңғысов ауыл мектептерінің 9–11-сынып оқушыларына арналған құқық пәні олимпиадасының облыстық кезеңінде мақтау қағазымен марапатталды.
Гүлбахыт Бекееваның кәсіби жетістіктері де аз емес. Облыстық пәндік олимпиадада І орын иеленсе, «Білім беруде жасанды интеллектті меңгерген ұстаз: жаңа құзыреттер мен кәсіби биіктер» атты облыстық «Үздік эссе» байқауында ІІІ орынға қол жеткізді. 2025 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, жетекшілік ететін сыныбының жыл сайын «Үздік сынып» атануы оның тәрбие бағытындағы жұмысының нәтижесін танытады.
Оқушыларды кітап оқуға баулу да Гүлбахыт Нұрымқызының жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Облыстық кітапханалармен бірлесе отырып, ай сайын оқуға ұсынылатын шығармаларды белгілеп, оларды талқылауды ұйымдастырады.
Гүлбахыт Бекееваның еңбек жолындағы ізденісі, шәкірттерінің жетістігі мен кәсіби нәтижелері өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын ұстаз еңбегінің жемісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-