ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ МАМАНДЫҚ
Ұстаздық – жылдар өткен сайын мәні тереңдеп, қадірі арта түсетін мамандық. Білім саласында отыз жеті жыл еңбек етіп келе жатқан ақтөбелік Әлқуатова Айгүл Шоферқызы – бар ғұмырын бала оқытуға арнап, бастауыш білім берудің жауапкершілігін абыроймен арқалап жүрген ұстаз.
Айгүл Әлқуатова 1969 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз станциясында дүниеге келген. Мектептегі алғашқы қадамын 1976 жылы Кенбай қазақ орта мектебінің бірінші сыныбынан бастаған. 1978 жылы отбасының Шұбарқұдық елді мекеніне қоныс аударуына байланысты №1 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырып, 1986 жылы осы мектепті тәмамдаған.
Ұстаздыққа деген таңдауы оны Ақтөбе педагогикалық училищесіне алып келді. 1986 жылы оқуға түсіп, 1989 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі және пионер вожатыйы» мамандығын игерді. Диплом алған соң облыстық білім басқармасының жолдамасымен №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданды. Кейін 2004 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 2007 жылы «Бастауыш сыныптар мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Содан бері Айгүл Шоферқызының еңбек жолы аталған мектеппен тығыз байланысты. Ұстаздық қызметімен қатар, 2010–2012 оқу жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін де атқарды. Бұл кезең оның педагогикалық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастыра білген жылдар болды. Бүгінде де ол сүйікті мамандығынан қол үзбей, бастауыш сынып оқушыларына білім беріп келеді.
Отыз жеті жыл ішінде талай баланың қолына қалам ұстатып, сауатын ашқан ұстаздың еңбегі күнделікті сабақпен ғана шектелмейді. Баланың мінезін танып, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, тәртіп пен жауапкершілікке баулу да оның педагогикалық ұстанымының маңызды бөлігі. Әріптестері мен шәкірттері арасында жауапкершілігі, қарапайымдылығы және сабырлы мінезімен құрметке ие.
Ұзақ жылғы еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланды. Мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық мадақтамаларға ие болған Айгүл Әлқуатова Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Айгүл Әлқуатованың ұстаздық жолында талай баланың алғашқы әрпін танып, білімге қадам басқан сәті, талай түлектің мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қанат қаққан кезеңі бар. Ал, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен бағаланған еңбегі осы жылдардың жемісі.
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-