БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Қарғалы ауданындағы білім беру ұйымдарының басшыларымен Zoom платформасы арқылы онлайн кездесу өткізді.
Кездесу барысында еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу және оның талаптары, жұмыс уақытының режимі, оқу жүктемесін бөлу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне назар аударылды.
Жиын барысында қатысушылар ұжымдық шарт, базалық лауазымдық айлықақы, қайта даярлау курстарынан өту, қоса атқарушылық, колледж дипломымен жоғары сыныптарға сабақ беру мүмкіндігі, сондай-ақ бос жұмыс орындарына қатысты сауалдарын жолдады.
Кәсіподақ өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында құқықтық түсіндірмелер ұсынды. Сонымен қатар, еңбек қатынастарын реттеу мен қызметкерлердің заңды құқықтарын сақтау бойынша қажетті ақпараттармен бөлісті.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу қатысушыларға тәжірибе алмасып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауап алуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, кездесу білім беру ұйымдары басшыларының еңбек заңнамасы жөніндегі құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіруге және туындаған сұрақтардың заң аясында шешілу жолдарын қарастыруға арналды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-