КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА – ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ПЕН ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ұйымдастыруымен Орал қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясында гендерлік теңдік пен еңбек құқықтарын қорғауға арналған екі күндік семинар-тренинг өтуде. Іс-шараға салалық кәсіподақтың облыстық ұйымдары жанындағы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияларының төрағалары, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері де қатысуда.
Семинардың ашылуында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы А.Мұқашева кәсіподақтардың гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі және әйелдердің еңбек құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ, әйелдердің кәсіби дамуын қолдау мен лайықты еңбек жағдайларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, ҚРКФ Гендерлік комиссиясының төрағасы Г.Жұмагелдиева және «Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Есекенова семинардың өзектілігіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар барысында Кәсіподақтар федерациясы оқыту, зерттеу және дауларды реттеу орталығының директоры Л.Есжанова әйелдердің еңбек құқықтарын халықаралық еңбек стандарттары мен ұлттық заңнама аясында қорғау мәселелерін қарастырды. Ал федерацияның Медиа орталығының директоры Г.Қаракөзова кәсіподақ қызметін ақпараттық кеңістікте тиімді насихаттау және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар PhD докторы, адами ресурстар жөніндегі сарапшы Г.Нәби гендерлік қолдау қызметін дамытуға арналған практикалық тренинг өткізіп, әйелдердің құқықтарын қорғаудағы инновациялық тәсілдерге назар аударды.
Семинарға қатысушылар тәжірибе алмасып, өзекті тақырыптар бойынша пікір бөлісті.
Семинар-тренинг ертең де жалғасып, гендерлік теңдікті нығайту, лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету және әйелдердің еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді жолдарын талқылаумен жалғасады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-