БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРДА КЕЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСУДА
Білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнату және кәсіподақ қызметіне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясындағы жұмыстар жалғасуда.
Осы жоба аясында Ақтөбе облысы Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы М.Жамадаладин ауданның шалғай ауылдарындағы білім беру ұйымдарына арнайы барып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Сапар барысында Байғанин орта мектебінің, Жарлы бөбекжай-балабақшасының, Сағыз орта мектебінің, Қарабұлақ орта мектебінің, Көкбұлақ орта мектебінің, Б.Тәжібаев атындағы балалар музыка мектебінің, А.С.Пушкин атындағы орта мектебінің, Байғанин аудандық шығармашылық орталығының және “Аяла” бөбекжай-балабақшасының, “Алтай” бөбекжай-балабақшасының, “Ноғайты” бөбекжай-балабақшасының ұжымдарымен жүздесті.
Сондай-ақ, жаңадан кәсіподақ ұйымына қосылған «Досжан» ЖШС ұжымымен жүздесіп, кәсіподақ жұмысының маңыздылығы мен алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты.
Кездесулер кезінде білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ жұмысының жай-күйіне назар аударылып, қоғамдық бақылау жүргізілді. Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметіне әдістемелік көмек көрсетіліп, еңбек ұжымдарын толғандыратын мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Айта кетейік, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы бұған дейін де бірқатар шалғай ауылдарға барып, білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізген болатын.
«Қалың қалай, бастауыш?» жобасы – бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен байланысты нығайтып, олардың жұмысын жетілдіруге бағытталған маңызды бастама. Жоба аясындағы сапарлар алдағы уақытта да жалғасып, шалғай ауылдардағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеуге, қордаланған мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруға бағытталады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-