ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ
Еңбекке адалдық пен шығармашылық ізденісті кәсіби ұстанымына айналдырған ұстаздың бірі – Сапарова Гүлмирам Әбдірқызы. Ол ұзақ жылдар бойы көркем еңбек пәнін оқытып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қолөнерге қызығушылығын арттыруға және еңбекті бағалай білуге тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
Гүлмирам Сапарова 1966 жылы 26 қазанда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Орал қаласында тігіншілік мамандығын меңгеріп, еңбек жолын Шалқар аудандық тұрмыстық қамту комбинатында бастады. 1994 жылдан бастап №2 мектеп-гимназиясында көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Одан кейін Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Еңбек және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша білім алды. Қазіргі таңда – жоғары білікті, тәжірибелі педагог-зерттеуші.
Ұстаздың кәсіби жетістіктері мен еңбегі түрлі деңгейде бағаланған. 2023 жылы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ұйымдастырған «Білікті ұстаз – 2023» педагогтердің республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. 2025 жылы көркем еңбек пәні мұғалімдері арасындағы облыстық пәндік олимпиадада І дәрежелі диплом алды. Ал, 2026 жылы Республикалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлмирам Сапарованың тәжірибесі мен әдістемелік ізденістері де назардан тыс қалған емес. Оның «Ұлы дала ұстазы» республикалық басылымында «Жаңартылған білім – заман талабы» атты мақаласы жарық көрді. «Жаңа ғасыр ұстаздары» энциклопедиясында білім саласындағы жетістіктері таныстырылып, «Алтын тұмар» облыстық жинағында іс-тәжірибесі мен қолөнер бұйымдары жарияланды.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Гүлмирам Сапарованың жетекшілігімен оқушылары шығармашылық және пәндік байқауларда нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «Жас өнерпаз» халықаралық байқауында І дәрежелі дипломға, «Galym-23» республикалық пәндік олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстанның халық суретшісі, кино суретшісі С.Романовтың 100 жылдығына орай 8–9-сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық көркем еңбек пәндік олимпиадасында шәкірттері ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сапарова Гүлмирам Әбдірқызының кәсіби жолы – еңбекке адалдықтың, үздіксіз ізденістің және ұстаздық жауапкершіліктің үлгісі. Осындай ұстаздардың еңбегі ұрпақ тәрбиесі мен білім сапасын арттыруда айрықша маңызға ие.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы