ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы №1 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде кәсіподақ ұйымының қолдауымен «BOOK FEST» шығармашылық кеші өтті.
Кешке мектептің сегіз әдістемелік бірлестігі қатысып, әрқайсысы таңдаған әдеби шығармасын сахналық қойылым арқылы ұсынды. Қатысушылар шығармалардың мазмұнын ашып, кейіпкерлердің бейнесін сомдау арқылы туындылардың негізгі идеясын, тәрбиелік мәнін көрерменге жеткізді.
Ұстаздар өздерінің актерлік шеберлігін, шығармашылық қабілетін және сахна мәдениетін көрсетті. Әр қойылымның өзіндік ерекшелігі болып, әдеби шығармаларды сахна тілімен жеткізудің түрлі тәсілдері ұсынылды.
«BOOK FEST» кешінің басты мақсаты – кітап оқуға қызығушылықты арттыру, әдеби мұраны насихаттау және ұстаздардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Сонымен қатар, іс-шара әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ұстаздардың шығармашылық қырларын танытуға ықпал етті.
Кеш барысында ұстаздар әдеби шығармаларды сахнада жаңаша танытып, кітапқа деген қызығушылықты арттырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы