ЖАС ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ
Астана қаласының білім беру қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен жас педагогтарға арналған «Кәсіподақтағы жастар: идея, бастама, көшбасшылық» атты қалалық семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас кәсіподақ белсенділерін анықтау, кәсіподақтың кадрлық резервін қалыптастыру, жастардың біртұтас әрі ұйымшыл команда ретінде қалыптасуына ықпал ету және кәсіподақ қозғалысындағы жастар саясатын одан әрі дамыту.
Сонымен қатар семинар-тренинг аясында жас педагогтар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, олардың кәсіби және көшбасшылық әлеуетін арттыру, сондай-ақ кәсіподақтың жастар қозғалысына белсенді үлес қосып жүрген мүшелерін ынталандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар-тренингтің ашылу салтанатында Астана қаласының білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде жас педагогтарды қолдау, олардың бастамаларына жол ашу және жастардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында қатысушыларға білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен кәсіби даму бағыттары бойынша бірқатар мазмұнды дәрістер ұсынылды.
Атап айтқанда:
- Айгүл Рамазанова, Астана қаласы әкімдігінің Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры – «Педагогтарды аттестаттаудың жаңа қағидалары» тақырыбында;
- Айгүл Бейсенбина, Астана қаласы әкімдігінің №107 жайлы мектебінің директоры – «Заманауи менеджмент: трендтер мен болашаққа көзқарас» тақырыбында;
- Ақгүл Рахметова, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары – «Кәсіби шыңдалу: идеядан нәтижеге» тақырыбында;
- Әсел Нұрбаева, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі, жасанды интеллект бойынша тренер, ICBT халықаралық сертификатталған бизнес-тренер – «Жас ұстаздың цифрлық супер күші: ЖИ құралдары» тақырыбында;
- Батыр Әлиев, Астана қаласының білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңын іске асыру және білім беру ұйымдарындағы еңбекақы төлеу жүйесі бойынша дәріс оқыды.
Семинар-тренингтің практикалық бөлімінде қатысушылар тақырыптық жобаларын таныстырып, өз идеялары мен бастамаларын ортаға салды. Жобаларды қорғау барысында жас педагогтар өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Осындай мазмұнды кездесулер жас педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға, өзара тәжірибе алмасуына және кәсіподақ қозғалысындағы белсенділігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жастар – кәсіподақ қозғалысының болашағы. Сондықтан жас педагогтардың әлеуетін дамыту, олардың бастамаларына қолдау көрсету және белсенді жастар көшбасшыларын қалыптастыру кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.