КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған «Бірлік пен сенім: кәсіподақтың мүмкіндіктері мен міндеттері» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, кәсіподақ төрағаларының құқықтық және ұйымдастырушылық сауаттылығын арттыру, іс жүргізу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары бойынша тәжірибе алмасу.
Кездесу аясында облыстық кәсіподақ ұйымының бас мамандары өз бағыттары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісіп, қатысушыларға жан-жақты түсіндірмелер берді.
Алдымен облыстық ұйымның бас маманы А.Серімбетов кәсіподақ ұйымының негізгі жұмыс бағыттарына тоқталып, облыстық кәсіподақтың қызметі мен бастауыш ұйымдардың алдында тұрған міндеттерді кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарында іс құжаттарын жүргізу тәртібі, құжаттарды рәсімдеу талаптары, олардың мазмұны мен сақталуына қойылатын талаптар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ марапат құжаттарын дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Марапатқа ұсынылатын қызметкерлердің жетістіктерін нақты көрсету, ұсыныс хаттар мен мінездемелерді талапқа сай әзірлеу, құжаттарды уақытылы әрі сауатты рәсімдеу қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіподақ мүшелерінің еңбегін лайықты бағалауға және олардың кәсіби жетістіктерін насихаттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде бас маман, ұйым заңгері Н.Жетпісбай ұжымдық шарттың маңыздылығы мен оның қызметкерлерге беретін әлеуметтік кепілдіктеріне тоқталды. Ұжымдық шарт – еңбек ұжымы мен жұмыс беруші арасындағы өзара келісім ғана емес, қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қорғаудың маңызды құралы екені түсіндірілді. Сонымен қатар ұжымдық шартта қарастырылған жеңілдіктер мен қосымша кепілдіктерді тиімді пайдалану, оның орындалуын бақылау және кәсіподақ өкілдерінің жауапкершілігі жөнінде маңызды мәліметтер ұсынылды.
Ал, бас маман С.Дүйсенбаева жастармен жұмыс жүргізу және кәсіподақ қызметін әлеуметтік желілер арқылы насихаттау бағыттарына кеңінен тоқталды.
Жастарды кәсіподақ жұмысына тарту, олардың бастамаларына қолдау көрсету, белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды. Жастардың кәсіподақ қозғалысындағы рөліне ерекше мән беріліп, оларды ұйым жұмысына белсенді тартудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталып, кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстарын ақпараттық кеңістікте жүйелі түрде жариялау қажеттігі айтылды. Әлеуметтік желі – тек ақпарат тарату алаңы ғана емес, кәсіподақ пен оның мүшелері арасындағы байланысты нығайтатын, атқарылған жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ететін және қоғамдық сенімді арттыратын тиімді құрал екені түсіндірілді.
Басқосу соңында қатысушыларға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін тиімді ұйымдастыруға қатысты түсіндірмелер беріліп, бірқатар маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да осындай кездесулерді ұйымдастырып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-