АЛМАТЫДА ЖАС ПЕДАГОГТАР ФОРУМЫ ӨТТІ
31 қазанда «Ұстаз» Алматы қалалық жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Бағанашыл» спорт кешенінде «Жастар және жаңашылдық: болашаққа бағдар» атты қалалық жастар форумы ұйымдастырылды.
Форумның ұраны – «Өзгерісті күтпе – оны өзің баста!», ал іс-шара жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға, өз әлеуетін ашуға және болашаққа нық қадам жасауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форумның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, жаңашыл идеяларын қолдау және болашаққа деген сенімін нығайту. Іс-шараға Тәуелсіз елімізде өмірге келіп, еркін ойлайтын, өз ұстанымы мен мақсаты бар жаңа буынның жарқын өкілдері – Алматы қаласының білім беру саласында еңбек етіп жүрген жалынды жастары, аудандық филиалдардың төрағалары қатысты.
Форумның салтанатты ашылуында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы - А.Мұқашева және Алматы қаласының «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы С.Байгуттинов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіподақтың жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарының жалғасатынын атап өтті.
Форум бағдарламасы: Тәжірибе алмасу және Жаңашылдық
Форум жас ұстаздарға кәсіби тәжірибе алмасуға, ой бөлісуге, өздерін толғандыратын мәселелерді бірлесіп талқылауға және шешімін іздеуге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында бірнеше маңызды сессиялар өтті:
- «Құқығыңды таны – болашағыңа жол аш!»: Еңбек заңнамасына арналған квиз. Модераторлықты Алматы қаласының «Ұстаз» кәсіподағының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы М.Тұрлыбекова жүргізді. Төрт команда да өз білімдерін жоғары деңгейде көрсетті.
- «Болашақты өзің жаса!»: Жастар баттлы. Модератор – № 107 лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Абантеева. Қатысушылар өз идеялары мен жобаларын таныстырды.
- «Білім берудегі жасанды интеллект: көмекші ме, әлде қауіп пе?»: Командалық жұмыс. Модераторлар: «Алматы қаласы бойынша креативті индустриялар қорының» өңірлік үйлестірушісі О. Шарипов және «Kaspi Bank» әзірлеушісі М.Машаров. Бұл сессияда білім берудегі жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен ықтимал қауіптері талқыланды.
Іс-шара соңында форум қорытындыланып, қатысушылар мен ең белсенді жастар марапатталып, естелік суретке түсті.
Айта кету керек, Тәуелсіздікті нығайту – күнделікті адал еңбекпен жалғасатын іс. Жас ұстаздың сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі – осы жолдағы маңызды үлес. «Ұстаз» кәсіподағы жастардың еңбек құқықтарын қорғау, кәсіби өсуіне және бастамаларын жүзеге асыруына қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.
-
Фото
-